Сыртқы істер министрлігі БАҚ-та Қазақстан азаматтарының елге оралуға жәрдемдесуді сұраған өтініштері таралуына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік бұл жағдайды назарда ұстап отыр. Ведомствоның мәліметінше, бірқатар отбасы министрлікке көмек сұрап өтінішпен жүгініп үлгерген.
Министрліктің мәлімдемесі
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі әлемнің түрлі елдері мен өңірлеріндегі соғыс қимылдары болып жатқан аймақтардан отандастарымызды қайтару бойынша тәжірибе жинақтаған. Осыған байланысты Қазақстан азаматтары туралы толық әрі нақты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызы ерекше», — деп жазылған хабарламада.
Ақпарат қабылдау тәртібі
«Соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді. Азаматтарды құқықтық қорғаумен қамтамасыз ету үшін министрлікке толық ақпарат, яғни олардың тегі мен аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ олар жасасқан еңбек шарттарының талаптары туралы мәліметтер қажет», — дейді министрлік.
Ресей тарапымен консультациялар
Қазақстандықтарды отанына қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында СІМ Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр.
«Бүгін Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілімен кездесті. Жақын арада Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді», — деп жазылған хабарламада.
