Сыртқы істер министрлігі Грузияға баратын қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Осы айдан бастап Грузияда заңсыз жұмыс істейтін шетелдіктерді елден шығарып жіберу шарасы қолданыла бастады.
Бүгінде Қазақстан азаматтары осы елде бір жыл бойы визасыз жүре алады.
Визасыз режим еңбек құқығын бермейді
Министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, визасыз режим еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық бермейді.
"Алайда бұл визасыз режим еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық бермейтінін ескеру керек. Бұдан бөлек, тиісті рұқсатсыз ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Шетел азаматы елден шығарылған жағдайда оған Грузия аумағына қайта кіруге 2 жылдан 5 жылға дейінгі тыйым салынуы мүмкін", — дейді Жанболат Үсенов.
Қазақстандықтарға не істеу керек
Осыған байланысты Грузияда жұмысқа орналасуды, кәсіпкерлікпен немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға заң талаптарын алдын ала нақтылап алған жөн.
