Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин үш күндік мемлекеттік сапармен АҚШ-қа келді. Оның ұшағы 23 қыркүйекте Вашингтон маңындағы Эндрюс әуе базасына қонды. Қытай көшбасшысын және оның жұбайы Пэн Лиюаньді ұшақ трапының жанында АҚШ президенті Дональд Трамп пен бірінші леди Мелания Трамп қарсы алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу үшін ұзындығы шамамен 30 метр қызыл кілем төселді. Көшбасшылар қол алысып, бірнеше минут әңгімелесті. Екі елдің әнұрандары орындалып, салтанатты зеңбірек залптары атылды. АҚШ президенті шетелдік көшбасшыны Эндрюс әуе базасында соңғы 11 жылда алғаш рет қарсы алды.

Трамп пен Си келіссөздерінің алдында АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда бітімін 2027 жылдың 10 қаңтарына дейін ұзарту туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұған дейінгі мерзім 10 қарашада аяқталатын. Бессенттің айтуынша, бұл тараптарға неғұрлым кең экономикалық келісімді талқылау үшін қосымша уақыт береді.

Пусан келісімі деп аталатын құжат Трамп пен Сидің 2025 жылдың қазанында Оңтүстік Кореядағы кездесуінен кейін жасалған болатын. Ол сауда шиеленісін төмендету шараларын, соның ішінде кейбір көтерілген баждарды тоқтата тұруды көздейді. Бітімді ұзарту өздігінен жаңа ауқымды сауда мәмілесінің жасалғанын білдірмейді.

Көшбасшылардың негізгі келіссөздері 24 қыркүйекке жоспарланған. Reuters деректеріне сәйкес, тараптар сауда, сирек кездесетін минералдар, жасанды интеллект және Тайвань мәселелерін талқылауы мүмкін. Агенттік дереккөздері ықтимал нәтижелер ретінде жекелеген тауарларға баждарды төмендетуді және әскери ведомстволар арасындағы диалогты кеңейтуді атайды.

Ақ үй бағдарламасына сәйкес, 24 қыркүйекте ресми қарсы алу рәсімі мен мемлекеттік кеш өтеді. Reuters деректері бойынша, шақырылғандар қатарында ірі технологиялық компаниялардың басшылары, соның ішінде Сэм Альтман, Дженсен Хуанг және Тим Кук бар. 25 қыркүйекке АҚШ Ұлттық мұрағатына бару жоспарланған, содан кейін сапар аяқталады.