Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) ортақ дауысы халықаралық аренада барған сайын күштірек естіліп келеді, деді ШЫҰ бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ШЫҰ-ның ортақ ұстанымы Еуразиядағы 10 ірі мемлекеттің көзқарасын білдіреді. Ермекбаев бұл туралы «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: 25 жылдағы эволюция және трансформация» конференциясында айтты.
«Сонымен бірге ШЫҰ жұмысында кемшіліктер бар екенін де көріп отырмыз. Сондықтан мемлекет басшылары алға қойған негізгі міндет – ұйым қызметін кешенді жаңғырту», – деді ол.
Ермекбаев перспективалар мен уақыт талаптарын ескере отырып, ШЫҰ жұмысына ғылыми-сараптамалық университеттік қауымдастықтарды тарту және пікір алмасу үшін жаңа алаңдар құру қажет екенін айтты.
Оның дерегінше, ШЫҰ кеңістігінде сауда көлемі өсіп келеді: ұйымға мүше елдер арасындағы тауар айналымы 7%-ға артып, 2024 жылы 700 млрд доллардан асқан. ШЫҰ мақсаттарының бірі – тауарлардың, капиталдың және қызметтердің еркін қозғалысына жағдай жасау, деп толықтырды ол.
«Өткен жылғы саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ШЫҰ Даму Банкін құру туралы саяси шешім қабылдады», - деді Ермекбаев.
Ұйымға мүше елдер бірлескен мәдени гуманитарлық жобаларды іске асырады, ғылыми-техникалық жетістіктер мен инновацияларды енгізеді. Сонымен қатар ол ШЫҰ-ға қосылуға 20-ға жуық өтініш бар екенін айтты.
Ұйым 10 мүше мемлекетті біріктіреді. Екі мемлекет бақылаушы мәртебесін алды, тағы 15 мемлекет ШЫҰ-ның диалог бойынша серіктесі мәртебесіне ие болды.
Бүгінде ШЫҰ-да: халық саны 3,4 млрд адамнан асады, аумағы шамамен 36 миллион шаршы км, яғни әлемдік құрлықтың төрттен бір бөлігі, жаһандық ЖІӨ-нің төрттен бірі және халықаралық сауданың 15%-дан астамы бар.
