Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болатынын айтты. Оның пікірінше, бұл тауар алмасудың оңтайланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді және заманауи есеп айырысу тетіктерін сынап көруге мүмкіндік береді.

Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

Сонымен қатар Тоқаев ШЫҰ-да тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, жасанды интеллект экожүйесін дәйекті түрде қалыптастыра отырып, технологияларды бірлесе ойлап табуды және құзыреттілікті арттыруды жеделдетуді ұсынды. Ол Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.