Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Алматы облысының әкімі лауазымынан Марат Сұлтанғазиев босатылған болатын.

Шыңғыс Әріновтің өмірбаяны

Шыңғыс Сайранұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында «Құқықтану», Азаматтық авиация академиясында «Тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» бойынша білім алған.

2006-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет атқарған. 2022-2024 жылдары Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Президент күзет қызметінің бастығы болды.

2024 жылы ақпан айында төтенше жағдайлар министрі қызметіне тағайындалған болатын.

Президент кешегі жарлығымен Әріновтың орнына Мұрат Мұхановты тағайындады.