Шымкентте құтқарушылар Еңбекші ауданының Исфиджаб тұрғын алабындағы жеке қоймалар аумағында болған ірі өртті толығымен сөндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, от қойма үй-жайларының шатырын шарпыған. Сондай-ақ, нысан аумағында жүк көлігінен төгілген дизель отыны мен резеңке бұйымдары өртенген.

Өрт ошағына тікелей жақын жерде дизель отынымен толтырылған жүк көлігі тұрған.

Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Екеуі де әртүрлі дәрежедегі күйік алып, ауруханаға жатқызылды.

Өртті сөндіруге 56 адам жеке құрам және 30 бірлік техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді.

Өрттің мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда қаланың Әуезов ауданында орналасқан Батыс жылу кешенінің трансформаторлық қосалқы станциясы аумағында ірі өрт болғанын хабарлаған болатын.