Шымкентте жыландар мен шаяндардың тұрғын үй аудандарында пайда болу жағдайлары жиіледі. Қауіпті жануарлардың көбеюіне байланысты құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық қызметтердің мәліметінше, соңғы екі айда тұрғын үй аймақтарында жыландардың табылуына байланысты 130-дан астам шақыру түскен. Құтқарушылар 90-ға жуық жыланды ұстап алған. Салыстыру үшін, өткен жылдың барлық кезеңінде осындай 200-ге жуық өтініш тіркелген.

Мамандардың айтуынша, бауырымен жорғалаушылар жеке үйлердің аумақтарында, тұрғын массивтерде, қалалық саябақтар мен тоғайларда жиі кездеседі. Олардың адамдарға шығуының негізгі себебі — азық іздеу.

«Жыландар көбінесе тышқандар мен құстар бар жерде кездеседі, өйткені олар осылармен қоректенеді. Қалада улы да, улы емес те көптеген жылан түрлері мекендейді. Табылған жағдайда оларға жақындамау және құтқарушылардың келуін күту маңызды», — деді Шымкент ТЖД бөлімінің бастығы Ербол Оспанов.

Өтініштер санының өсуіне қарамастан, қалада жылан шағу жағдайлары тіркелмеген.

Алайда тұрғындар үшін тағы бір қауіп — шаяндар. Мамандардың мәліметінше, маусым басталғалы олардың шағуынан 80 адам зардап шеккен.

Құтқарушылар тұрғындарды серуендеу және табиғатта демалу кезінде сақ болуға, үй маңындағы аумақтарды мұқият тексеруге, ал жылан немесе шаян табылған жағдайда оларды өз бетімен ұстауға тырыспауға шақырады.