Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Polisia.kz мәліметінше, ер адам интернет-мессенджерлер арқылы 10 жастан 12 жасқа дейінгі балалармен танысып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырған.
Ол балалардың сеніміне кіріп, интернетте сөйлесуді жалғастырған. Полицияның хабарлауынша, осындай жағдайлардың бірінде ер адам қызбен онлайн ойын арқылы танысып, оның телефон нөмірін сұрап алып, WhatsApp-та хат алмасқан.
«Түрлі сылтаулармен сөйлесу барысында ол жасөспірімнен интимдік сипаттағы суреттер мен бейнежазбаларды жіберуді сұраған», — дейді полицияда.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қала тұрғыны ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
