Шымкентте әлеуметтік желіде бейәдеп сөздер айтқан ер адам 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Кезекті тексеру барысында 39 жастағы қала тұрғыны Қуанышбек Умарбековтің TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды.
Полиция мәлімдегендей, аталған құқық бұзушылық үшін ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер мен өзге де жарияланымдар заң талаптарына сәйкес болуы тиіс екенін ескертеді.
«Лайк, қаралым немесе танымалдық үшін қоғамдық тәртіпті бұзу, әдепсіз әрекеттер жасау және құқыққа қайшы контент тарату заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады», – дейді полицейлер.
Министрлік заң цифрлық кеңістікте де баршаға бірдей қолданылатынын еске салды.
