Шымкентте сапасыз бу үтігін сатқан кәсіпкерден 139 мың теңгеге жуық қаражат өндірілді, деп хабарлады қалалық сот. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Талап қоюшы маркетплейс арқылы 64 мың теңгеге бу үтігін сатып алған. Алайда тауарды пайдалану кезінде оның бу шығару функциясы дұрыс жұмыс істемейтіні анықталған. Тұтынушы үтікті сатушыға тексеруге тапсырғанымен, ақшасы қайтарылмаған.
«Сотта сатушы үтіктің жарамдылығын және оның сипаттамаларға сәйкестігін дәлелдейтін құжаттарды, соның ішінде сараптама қорытындысын ұсынбағаны анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Сот талапты ішінара қанағаттандырып, сатушыдан 64 мың теңге тауар құнын, 55 028,82 теңге өсімпұл, 20 мың теңге моральдық зиян өтемақысын және сот шығындарын өндірді. Ал маркетплейс пен банкке қатысты талаптар қанағаттандырылмады. Себебі олар тауарды сатушы емес, тиісінше ақпараттық-технологиялық алаң мен қаржылық қызмет көрсетуші болған. Сот шешімі заңды күшіне енді.
