Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
«Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза болғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза болғандар жоқ. 1984 жылы туған концерт ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады полицияда.
Тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды.
