Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде 18 жастағы қыз қысымнан жарақат алып, ауыр халде ауруханаға түсті. Полиция қылмыстық іс қозғап, концертті ұйымдастырушыларды ұстады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қайрат Нұртастың Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерті кезінде сегіз көрермен медициналық көмекке жүгінген. Оның жетеуі ауруханаға жатқызылмай, үйлеріне жіберілген.

«Бір 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы таңертеңгілікке тұрақты ауыр деп бағаланып, біршама жақсарған. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, мамандардың бақылауында», – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасында.

Шымкент полициясы да концертте адамдардың көп жиналуынан бір көрерменнің зардап шегіп, ауруханаға жеткізілгенін растады. Концертті тиісті қауіпсіздік талаптарын сақтамай ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданады.

Айта кетейік, Freedom Афиша командасы Шымкенттегі Қайрат Нұртас концертінде зардап шеккендер туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдіріп, болған оқиғаның мән-жайын анықтауда құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді. Компания сондай-ақ зардап шеккендер мен куәгерлерге өзімен байланысуға өтініш жасады.