Шымкент қаласының тұрғыны тұрғын үйі мен жер учаскесінен, сондай-ақ пәтерінен айырылып қалғанын айтып, сотқа жүгінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ІІ топтағы мүгедек әйелдің мүлкін туыстары заңсыз сатып жіберген. Талап қоюшы туыстарына сенімхатты қандай жағдайда бергенін және оған қашан қол қойғанын есіне түсіре алмайды. Ол өз мүлкіне билік етуге ешқандай ерік білдірмегенін айтады.
Сенімхат рәсімделіп, мәмілелер жасалған кезде өзі облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жатқан, – деп хабарлады сот. Әйелдің айтуынша, жауапкерлер – екі нотариус пен үш туысы оның психикалық жағдайын пайдаланып, қажетті құжаттарды рәсімдеген. Кейін оның барлық мүлкі, яғни жер учаскесі бар тұрғын үйі мен пәтері сатылып кеткен.
Соның салдарынан талап қоюшы баспанасынан айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, әйелдің 2019 жылдан бері психикалық аурумен ауыратыны анықталған. Сенімхатқа қол қойған кезде ол өз әрекетінің мәнін түсінбеген және оларды басқара алмаған.
Сот сенімхаттарды рәсімдеу кезінде талап қоюшының ерік білдіруі саналы болмаған деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды. Сотқа жүгінген әйелдің мүліктік құқықтары қалпына келтірілді.
