Шымкентте жекеменшік мектептің информатика мұғалімі жеті жасар оқушыға сексуалдық қатынас жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 200 сағат қоғамдық жұмыс тағайындап, зардап шеккен тарапқа 6 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
36 жастағы педагогтің ісін Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты қарады. Процесс жабық режимде өтті.
Мұғалім ҚР ҚК 121-1-бабы «Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипаттағы жақындау» бойынша кінәлі деп танылды. Қоғамдық жұмыстардан бөлек, одан 3 млн теңге моральдық зиян өтемақысы және 3 млн теңге материалдық залалды өтеу есебінен өндіріп алуға қаулы етілді.
Оқиға 2026 жылдың ақпанында болған. «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының ақпараты бойынша, педагог бірінші сынып оқушысына қатысты сабақ барысында, басқа балалардың көзінше сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Болған жайтты бейнебақылау камерасы тіркеген.
Қыздың анасының арызынан кейін полиция тергеу бастады. Күдікті ұсталып, мектептен жазбалар алынды.
Бастапқыда мұғалімге ҚР ҚК 121-1-бабы бойынша айып тағылды. Алайда сот талқылауы барысында сот неғұрлым ауыр қылмыстың белгілерін — ҚР ҚК 124-бабы «Он алты жасқа толмаған адамдарды азғыру» — көріп, материалдарды қосымша тергеуге қайтарды.
Педагог бұл шешімге шағымданды. 8 қазанда апелляциялық алқа оның шағымын қанағаттандырып, істі қайтару туралы қаулыны жойды. Нәтижесінде мұғалім бастапқы бап бойынша кінәлі деп танылды.
«НеМолчи.kz» қоры тағайындалған жазаға алаңдаушылық білдірді.
«Қылмыс сабақ үстінде, балалардың көзінше, кішкентай қызға қатысты жасалды. Ал жазасы қоғамдық жұмыстар болды. Сондай-ақ сот білім бөлімінің қызметкерлеріне және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға қатысты жеке қаулы шығарды», — деп хабарлады қорда.
Үкім мен соттың жеке қаулысы заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдалуы мүмкін.
