Шымкентте 56 жастағы ер адам сегіз жасар қызға қол сұққаны үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасын алмай, небәрі 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі. Мұндай шешімді сот айыпталушының шын жүректен өкінуі және II топ мүгедектігінің болуына байланысты шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот процесі жабық режимде өткені хабарланады. Қыздың анасы сот отырысына онлайн форматта қатысты. Ол балаға қол сұққаны үшін ер адамға қатаң үкім шығарылады деп күткен. Бірақ айыпталушы жеңілдік сұрап, 216 мың теңге айыппұл төлеп, босатылды. Мұндай жаза барлығын таң қалдырды.

Еске салайық, желіде бейнебақылау камераларының жазбалары жарияланған болатын. Кадрларда 56 жастағы ер адам баланы ашық түрде ұстап, сүйіп, өз үйіне алып кетуге тырысқаны көрінеді. Алайда қыз қашып құтыла алды.

БАҚ жариялағандай, нақты бас бостандығынан айыру жазасының орнына айыппұл тағайындалуы оның әрекеттері «зорлық-зомбылықсыз жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер» ретінде сараланғанымен түсіндіріледі.

Бұған дейін «Курсив» Астанада ауладан ұл баланы ұрлау фактісі бойынша тергеу басталғанын жазған болатын. Оқиға 5 маусымда Астананың Алматы ауданында №13 орта мектептің маңында болған. 56 жастағы ер адам зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау үшін баланы ауладан ұрламақ болған.