Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Ташкент–Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының терезесін зақымдаған бес кәмелетке толмаған баланы анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Бадам–Игілік теміржол аралығында болған. Белгісіз адамдар пойыз вагонының сыртқы әйнегін зақымдаған.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында көлік полицейлері Бадам станциясының 8, 9 және 10 жастағы бес тұрғынын анықтады.

Бұл туралы Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасы бастығының орынбасары Ескендір Баймұрзаев мәлімдеді. Оның айтуынша, балалар оқиғаға қатысы бар екенін мойындаған.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен әр ата-анаға айыппұл салынды.

«Пойыздардың терезелерін зақымдау – жай ғана бұзақылық емес, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіп. Лақтырылған бір ғана зат адамның жарақат алуына әкелуі мүмкін», – деді Ескендір Баймұрзаев.

Жыл басынан бері теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 1 777 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар пойыздардың терезесін сындыруға қатысты 9 жағдай тіркелді.