Шымкентте 42 жастағы әйелдің бетіне бұрынғы күйеуі қышқыл шашып жіберді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2 тамызда болған. Жәбірленушінің анасы Нигара Мурзаметова Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның айтуынша, қызы Гузаль екінші рет тұрмысқа шыққан, ал бұл ер адаммен 2019 жылы танысып, одан қыз босанған.

Нигара Мурзаметованың сөзінше, бала босанғаннан кейін алты ай ішінде Гузаль әбден әбіржіп, үнемі көңілсіз жүрген. Себебі күйеуі қызының атына миллион теңге кредит алған. Сосын күйеу бала оған келіп, "300 мың теңге беріңіз, көлік аламын" деп ақша сұраған. Ақшаны алып, сол күйі жоқ болып кеткен. Ер адам 5 жыл бойы төбесін көрсетпеген, бірақ еңбекақысын 80 мың теңге деп көрсетіп, небәрі 10 мың теңгеден төлеп отырған.

Шілде айының соңында күйеуі Гузальдің жұмысына барып, жанжал шығарған. Ол алименттен нотариалдық түрде бас тартуды талап еткен. Қызы "маған ешкімнен ешнәрсе керек емес, бізден аулақ жүр" деп жауап берген. Сөйтсе, күйеуі қызына тағы да кредит алдырмақ болған екен.

Әйелді күйеуі екі күн бойы аңдыған. Ол Алматыға алдын ала билет алып, түннің бір уағында бөтен нөмірден хабарлама жіберген. "Қызым шаштаразда жұмыс істейді. Маған шугаринг жасап беріңізші түнгі сағат 3 шамасында қызыма жазған. "Неге түнде жазып тұрсыз, менің жұмысым сағат тығызда басталады" деп қызым сұраса, таңертең жол жүруші едім, ұшаққа отыруым керек деп жауап берген", - дейді әйелдің анасы.

Гузельді күйеуі осылай деп алдап, түннің бір уағында далаға шығарып алған. Тасада тығылып тұрып, әйелдің бетіне қышқыл шашып жіберген. "Қызымның жан дауысы шығып айқайлап, көмек шақырған. Таяу маңдағы үйлерден адамдар естіп, көмекке жүгірген. Қызым "Су, су беріңдерші" деп айқайлаған. Ол бес литрлік су әкеп бетіне құйған, содан жедел жәрдем шақыртқан", - дейді әйелдің анасы.

Ал күдікті Алматыға қашып кетіп, ізін суытқан. Айтуынша, ер адамның Гузальге дейін екі әйелі болған. Олар бұл адамнан әрең құтылған. "Ол адамның әке-шешесі қайтыс болған. Қызым оған күйеуге шығарда сол ағасының әйелі "Бұл таңдауыңды құптамаймын" деп ескертіпті. Оның бұрынғы әйелдерінен үш баласы бар", - дейді Нигара Мурзаметова.

Қазір әйелдің жағдайы ауыр, бірнеше ота жасату керек. Полиция күдікті ұсталғанын хабарлады. "2 тамызда дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Оның бұрынғы күйеуі алдау жолымен кездесуге шақырып, әйелдің үстіне сұйықтық құйып, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталды. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады", - дейді Шымкент қаласының полиция департаменті. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.