Шымкентте жүктіліктің 26-аптасында небәрі 840 грамм болып туған сәби ауруханадан үйіне шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сәби 22 тамызда қалалық №2 ауруханада дүниеге келген. Туған кездегі бойы 31 сантиметр болған.
Дүниеге келген бойда нәресте өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, кейін өздігінен тыныс алуына көмектесетін құрылғыға ауыстырылған. Сәбиге ана сүті арнайы зонд арқылы берілді.
Осы уақыт бойы дәрігерлер оның жағдайын тәулік бойы бақылаған. Екі айға жуық уақыт ішінде сәбидің салмағы 2 келі 400 грамға жеткен.
Сәбидің анасының сөзінше, дәрігерлердің қолдауы мен күтімінің арқасында баласының күн сайын өсіп, жетілгенін көру отбасы үшін үлкен қуаныш болған.
