Шымкентте көпқабатты үйдің подъезінде 8 жастағы қызға тиіскен егде жастағы ер адамға сот жаңа үкім шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыстық іс Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралды.

Тағылған айып — "Он алты жасқа толмағаны көрінеу белгілі адамға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау".

"Биыл 28 сәуірде сотталушы Шымкент қаласындағы тұрғын үйдің кіреберісінде/дәлізінде кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасаған. Сотталушының кінәсі куәлар мен жәбірленушінің берген жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен және іс бойынша жиналған басқа да айғақтармен толық дәлелденді", — дейді Шымкент қалалық соты.

Сот оны 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске сала кетейік, сәуірде болған оқиға қоғамның наразылығын тудырды. 56 жастағы ер адам көпқабатты үйде 8 жастағы қызды қуалап, бейәдеп қылық көрсеткен.

Маусымда ер адамға сот үкімі шықты, жаза — 216 мың теңге айыппұл.

Үкіммен келіспеген жеткіншектің анасы Sputnik Қазақстанға оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын.

Айта кетейік, сотталушы I топтағы мүгедек, яғни көз жанары нашар. Алайда, қыздың анасының айтуынша, мүгедектігіне қарамай сотталушы қызды бірнеше қабат бойы қуалаған.