Шымкент қаласы Еңбекші ауданының оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету саласында заң жүйелі түрде бұзылған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, Шымкенттегі мемлекеттік мектептерде 170 мыңнан астам оқулық жетіспеген.

«Сонымен қатар 110 мыңнан астам тозған және пайдалануға жарамсыз кітап анықталды. Жалпы оқулық қорының шамамен 74%-ын құрайтын 2 миллион дана оқулық жаңартуды қажет етеді», — дейді прокуратура.

Соңғы үш жылда оқушылар саны ескеріле отырып, кітап қорына түгендеу жүргізілмеген. Оқулықтарды жаңарту мерзімділігі сақталмаған, ал сатып алынған кітаптар мектептердің нақты қажеттілігін толық өтемеген.

«Мәселен, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы бесінші сыныптарға арналған ағылшын тілі пәнінен 293 оқулыққа сұраныс бергенімен, небәрі 90 данасын алған. Соның салдарынан оқушыларға мұқабалары мен түптері бүлінген, кейбір парақтары жоқ, тозған оқулықтар берілген», — дейді Шымкент прокуратурасы.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді. Кінәлі 73 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.