Шымкентте банкет залында 13 жасар жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты мекеме иесі жауапкершілікке тартылды. Полицейлер баланың жасына қарамастан онда жұмыс істегенін анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция жасөспірімнің қайтыс болу мән-жайын тергеп-тексерді. Тексеру барысында баланың науқас болғаны белгілі болды.
«Жасөспірімнің қайтыс болуы оның ауруына байланысты болғаны анықталды. Сонымен қатар, тексеру барысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша банкет залының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады Шымкент қаласының полиция департаменті.
Басылымның мәліметінше, баланың ата-анасы қалалық еңбек инспекциясына шағым түсірмеген.
Қазақстанда оқушылар 14 жастан бастап оқудан бос уақытында жұмыс істей алады, егер жұмыс денсаулыққа зиян келтірмесе және оқуға кедергі жасамаса. Еңбек шартын жасөспіріммен бірге оның ата-анасының біреуі немесе басқа заңды өкілі қол қоюы тиіс.
14 жасқа толмаған балалар үшін жекелеген ерекшеліктер қарастырылған — түсірілімдерге, спектакльдерге, концерттерге және цирк қойылымдарына қатысу.
Бұған дейін «Курсив» Ақтауда бала қайтыс болғаннан кейін балалар хирургінің қамауға алынғанын жазған болатын. Полицияның мәліметінше, облыстық аурухана дәрігерлері кішкентай пациентті диагностикалау мен емдеу кезінде қателіктер жіберген.
