Шымкент қаласының соты 23 жыл бұрын жасалған қылмыс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, 2003 жылы қала тұрғыны есірткі заттарын көтерме бағамен басқа мемлекеттерге сатқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен тұрақты байланыста болған.

Сол кезде топ басшысынан аса ірі мөлшерде героин өткізуге тапсырма алған.

Қараша айында осы тапсырманы орындау мақсатында сыбайласымен бірге Шымкент қаласынан Ақтөбеге көлікпен жолға шыққан.

Бірақ "Шымкент-Самара" тас жолында оларды полиция тоқтатқан.

"Автокөлікті қарап-тексеру барысында жанармай құю орынынан ұнтақ тәрізді заттар салынған 35 дана пакет, яғни аса ірі мөлшердегі салмағы 34047,41 грамм "героин" есірткі заты тәркіленіп алынған", - делінген үкімде.

Бірақ сотталушы қашып кеткен.

Ол 2024 жылы Ресей Федерациясында ұсталып, бір жылдан кейін Қазақстанға жеткізілді.

Сотта оның кінәсі толығымен дәлелденді.

Бірақ өзі кінәсін мойындаған жоқ, ақтау үкімін сұрады.

Ал судья 13 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.

Үкім заңды күшіне енді.