27 маусымда Астана уақытымен 18:34-те Қазақстан ТЖМ «Сейсмологиялық зерттеулер және ақпарат ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Ауғанстан аумағында орналасқан. Есептік қарқындылығы 2 балл болатын жер асты дүмпулері Шымкентте, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар елді мекендерінде тіркелді.
Түркістан облысында жер сілкінісін Мырзакент, Жетісай, Абай, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Леңгір, Сайрам, Манкент, Ақсүкент, Тұрар Рысқұлов, Арыс, Темірлановка, Шәуілдір және Шаян тұрғындары сезді. Жамбыл облысында дүмпулер Таразда, сондай-ақ Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса, Құлан, Мерке ауылдары мен Қаратау қаласында сезілді.
ТЖМ мәліметінше, зардап шеккендер немесе қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Құтқарушылар тұрғындарға негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды.
