Шымкент мұнай өңдеу зауытында электр желісінде іркіліс туындады, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» компаниясы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәліметке сәйкес, сыртқы электрмен жабдықтау жүйесінде электр кернеуі бәсеңдеген. «Электрмен жабдықтау жұмысы қалпына келтірілді. Зауыттағы бір технологиялық қондырғы қайта іске қосылып жатыр», - дейді компанияда.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» өндірістік нысандар қалыпты жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. «Бұл оқыс жағдай мұнай өнімдерінің күнделікті өндірісіне әсер етпеді, өндіру және тиеу жұмыстары штаттық режимде жүріп жатыр», - делінген мәлімдемеде.