Шымкент әуежайында сөмкесінен патрон табылған әйелге соттың шешімімен айыппұл салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл оқиға биыл тамыз айында болған. Әйел Шымкент әуежайынан Жезқазғанға ұшуды жоспарлаған.

Ал тексеру аймағынан өту кезінде оның сөмкесінен тегіс ұңғылы аңшылық қаруға арналған 12 калибрлі патрон шыққан. Криминалистикалық сараптама бойынша патрон зауыттық әдіспен жасалған және атуға жарамды.

Әйел патронды байқамай, сөмкесіне салып алғанын айтты.

Сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабы (жеке тұлғалардың қаруды заңсыз алып жүруі) бойынша 86 500 теңге көлемінде айыппұл қарастырылғанын мәлімдеді. Судья айыппұл мөлшерін 30 процентке азайтуға шешім қабылдаған.

Себебі сотталушы кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Оған қоса, құқық бұзушылық бірінші рет жасалып отыр.

Сот қаулысымен әуежайды патронмен ұсталған әйел 60 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал тәркіленген патрон жойылуға жіберіледі.