Шымкент әуежайында орынсыз әзілдеген жолаушы бес тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 21 қыркүйекте Шымкент әуежайында болған. Шымкент – Астана бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде мас ер адам өзінің жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтқан.
Әуе компаниясының өкілдері жолаушыны рейстен түсіріп, көліктегі полиция қызметкерлеріне тапсырған. Тексеру барысында оның айтқаны расталмады.
Жолаушының жүгінен жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Әуежайда эвакуация жүргізілген жоқ.
Ер адам қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды.
