Шығыс Қазақстан облысында кәсіпорынға экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, талдау барысында Глубокое ауданындағы «Юбилейно-Снегирихинское» кен орнында жер қойнауын пайдалану салдарларын жою бойынша «Востокцветмет» ЖШС-нің ұзақ уақыт бойы әрекетсіздігі анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО бойынша Экология департаменті кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Әкімшілік жауаптылық
Тексеру нәтижесінде ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі бойынша (Қоршаған ортаға шығарындылардың технологиялық нормативтерін асыру) әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 100 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Сондай-ақ кәсіпорынға жер қойнауын пайдалану салдарларын жою және табиғат қорғау шараларының орындалуын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым берілді.
Экологиялық заңнаманың сақталуы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, дейді ведомствода.
