Шығыс Қазақстан облысында Пихтовка өзені арқылы өтетін, өңірдегі ең күрделі әрі ауқымды көпір нысандарының бірі салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Рахман қайнарларына апаратын бағыттағы Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысының негізгі кезеңін аяқтады. Құрылыстың шешуші сәті – көпірдің соңғы, жетінші аралық құрылымын орнату болды.

Осылайша жаңа көпір терең тау шатқалының екі жағасын толық жалғады.

Көпірдің техникалық сипаттамасы

«Ұзындығы 175 метрлік көпір жер бедерінен 45 метрге дейінгі биіктікте орналасқан. Құрылым әрқайсысының ұзындығы 24 метр болатын жеті аралықтан және сегіз тіректен тұрады. Оның екеуі – жағалық, алтауы – аралық тірек», – деп жазылған хабарламада.

Бүгінде сегіз тіректің барлығы толық тұрғызылып, жеті аралық құрылымды монтаждау аяқталды.

Құрылыс барысы

Нысанда 150-ге жуық маман, арнайы құрылыс техникасы мен жабдықтар жұмыс істеді. Бетон жұмыстарын үздіксіз жүргізу үшін құрылыс алаңында жылжымалы бетон зауыты іске қосылды.

Пихтовка өзені арқылы салынған көпірдің Шығыс Қазақстан үшін маңызы ерекше. Биіктігі көпқабатты үймен шамалас алып құрылыс осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі тау бедері көлік қатынасын айтарлықтай шектеген жерде бой көтерді.

Жаңа көпір – маңызды инфрақұрылым нысаны ғана емес, отандық жол саласының күрделі табиғи жағдайда ауқымды инженерлік жобаларды жүзеге асыра алатынын көрсететін нысан, дейді компанияда.