Шығыс Қазақстан облысында алтынды заңсыз өндірген топ ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз құрамында алтыны бар кенді өндірген. Олар қоршаған ортаға елеулі залал келтірген: топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылған, сондай-ақ өзен арнасы өзгертілген.

Заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер телімінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген. Заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған.

Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.