Риддер қаласының 43 жастағы тұрғыны Громотуха өзенінің маңында серуендеп жүріп, сирек кездесетін тарихи қаруды тауып алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адам тапқан затының қарапайым темір емес, ғасырлық тарихы бар раритетті атыс қаруы екенін түсініп, дереу Риддер қалалық полиция бөліміне хабарласып, қаруды полиция қызметкерлеріне табыс етті.

ШҚО полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесінде, полиция қолына нағыз "ардагер" — 8 мм калибрлі Лефоше жүйесіндегі револьвер түскені анықталды. Лефоше жүйесіндегі револьверлер — XIX ғасырдың соңындағы аңызға айналған қару.

Штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты оның атысқа жарамдылығын анықтау мүмкін болмағанымен, сарапшылар заттың зауыттық шығу тегін және тарихи құндылығын растады. "Бұл — құқық қорғау органдарына дер кезінде өткізілген сирек кездесетін жағдай", — деп атап өтті криминалистер. Құнды жәдігер есепке алынды.