Жамбыл облысының Шу қаласында аурухана қызметкерлері кәріз құдығында уланып көз жұмды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Куәгерлердің айтуынша, кәріз жүйесін жөндеу кезінде құдыққа түскен сантехник тұншығып, көмек сұраған. Оның дауысын естіген зертхана қызметкері әріптесін құтқару үшін шамамен үш метр тереңдіктегі құдыққа түскен, алайда өзі де есінен танып қалған. Екі адамды құтқаруға әрекет жасаған үшінші қызметкер де құдыққа түсіп, қайта шыға алмаған. Оқиға кезінде құдыққа үшінші болып түскен сантехник қана аман қалған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға байланысты арнайы тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. "Жазатайым оқиға бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін расталмаған ақпаратты таратпауға және ресми қорытынды жарияланғанға дейін қандай да бір тұжырым немесе пікір білдіруден аулақ болуға шақырамыз", – делінген басқарма хабарламасында.

Полиция қылмыстық іс қозғады. "Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі, яғни абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда", – деп хабарлады облыстық полиция департаменті. Процессуалдық шешім тергеу нәтижесі бойынша қабылданады.