Швейцарияның Арау қаласындағы рейв-кеште болған атыстан бір адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға түнгі үш шамасында болған, шараға шамамен 3,5 мың адам қатысқан. Куәгерлердің айтуынша, олар алғашында атыс дыбыстарын фейерверк деп ойлаған. Швейцариялық Blick газеті жариялаған және болжам бойынша оқиға орнына жақын жерде түсірілген бейнежазбада он шақты атыс дыбысы естіледі.

Атқан адам әлі анықталған жоқ, полиция оны іздеп жатыр.

«Қылмыстың ықтимал себептері мен нақты мән-жайлары әзірге белгісіз», — деп хабарлады кантональдық полиция.

Ұсталғандар немесе күдіктінің жеке басы туралы жаңа деректер әзірге жоқ.

Оқиға орнына полицияның айтарлықтай күші жұмылдырылды. Арау кантональдық полициясының баспасөз хатшысы Паскаль Венцель таңертең құқық қорғау органдары болып жатқан оқиғаны «ерекше жағдай» ретінде қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Тұрғындар оқиға орнынан аулақ болуға шақырылды.

Швейцарияның BRK News төтенше жаңалықтар агенттігінің мәліметінше, Арау агломерациясының үстінде Швейцария армиясының Super Puma тікұшағы да айналған. Ұшу деректерін бақылау әскери тікұшақтың қала маңында бірнеше рет айналғанын көрсеткен, алайда оның операция аясындағы міндеті әзірге белгісіз.

Бұған дейін «Курсив» 7 тамызда Таиландтағы Debsirin Nonthaburi мектебінде болған атыстан сегіз адам қаза тапқанын жазған болатын. Күдікті жоғары сынып оқушысы кейіннен өлі күйінде табылған; полиция оның өз-өзіне қол жұмсағанын жорамалдап отыр. Тергеушілер оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.