Швейцарияда туристік автобус апатқа ұшырап, бес адам қаза тапты, тағы 40 адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Апатқа ұшыраған автобус Нидерландыдан келген, оның ішінде 45 адам болған. Ол 10 қыркүйек күні күндіз Альпі тауларындағы Граубюнден кантонындағы Суш және Цернец ауылдары арасындағы учаскеде жол қоршауына соғылып, аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы жол жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақта болған.

Зардап шеккендерді эвакуациялауға жеті құтқару тікұшағы мен 13 жедел жәрдем бригадасы тартылды. Үш зардап шеккен адам ауруханада ауыр жағдайда жатыр.

Апат орнынан түсірілген кадрларда құтқарушылардың аударылған автобусты электр құралдарының көмегімен ашып жатқаны көрінеді.

Прокуратура мен полиция апаттың себептерін анықтап жатыр. Алдын ала деректер бойынша, жол-көлік оқиғасына басқа көліктер қатыспаған.

Сапарды ұйымдастырған Oad туристік агенттігі болған оқиғадан қатты күйзелгенін мәлімдеді.

Швейцария президенті Ги Пармелен апаттың мән-жайын жан-жақты тергеуді жүргізуге уәде берді.

Нидерланды королі Виллем-Александр мен королева Максима қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты.

Бұған дейін «Курсив» тамыз айында Венгрияда поляк туристері бар автобустың аударылғанын жазған болатын. Апат салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы кемінде 10 адам ауыр жарақат алды. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлде ұйықтап қалуы мүмкін. Автобуста барлығы 47 адам болған.