Қазақстан мен Швейцария Конфедерациясының авиациялық биліктері арасында келіссөздер өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Астанадағы келіссөздерге Air Astana, SCAT, SWISS International Air Lines әуе компаниялары, Базель қаласы әуежайының басшылары, сыртқы істер министрлігі мен Швейцария елшілігінің өкілдері қатысты.

Тараптар тікелей әуе қатынасын дамыту болашағын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің авиациялық биліктері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Осы құжат тағайындалған әуе компанияларға аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындау құқығын береді. Сонымен қатар жүк тасымалдарын рейс жиілігі мен сыйымдылығына шектеусіз орындаудың құқықтық негізі қалыптастырылды», — делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ, екі жақ әуе қатынасы туралы келісім жобасының мәтінін келісті. Аталған келісім Қазақстан мен Швейцария арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту үшін жаңартылған құқықтық негіз қалыптастырады.

Швейцариядан келген делегация Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын да хабарлады.