Швейцарияда бірнеше кантонның билігі Украина босқындарына жұмсалатын шығындарға алаңдап отыр. Бұл туралы Ресейдің осы мемлекеттегі елшісі Сергей Гармонин мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде украиналық босқындар бір жылдан кейін Швейцарияда тұруға ықтиярхат ала алады. Ал босқындардың әлеуметтік төлемдерін әрбір кантон өз бюджетінен төлеуге мәжбүр болады.
«Швейцарияның жергілікті билігі ақша санауды жақсы біледі. Әрине, олар қаржылай шығындардың болатынын да жақсы түсінеді. Сондықтан дәл осы мәселе алаңдаушылық туғызып отыр», - дейді Гармонин.
Елшінің айтуынша, Украинадан келген босқындардың кей әрекеті жергілікті халықтың түсініспеушілігін тудырады. «Мәселен, Женевада украиналық босқындардың 18 проценті ғана жұмыс істейді. Ал оңтүстіктегі Тичино кантонында бұл көрсеткіш 20 процентті құрайды», - деп атап көрсетті елші.
Швейцария заңнамасына сәйкес, Конфедерация аймағында бес жылдан артық заңды түрде жүрген тұлғалар тұруға ықтиярхат алуға құқылы. Ал 2027 жылы наурыз айында украиналық босқындардың алғашқы легі автоматты түрде тұруға ықтиярхат ала бастайды. Гармоннің айтуынша, ондай адамдардың жалпы саны шамамен 30 мыңды құрайды.
