Швейцария 2026 жылғы 20 тамыздан бастап әскер жасындағы украиналықтарға, егер олар әскери міндеттерін орындағанын растайтын құжат ұсынбаса, тұруға рұқсат беруді тоқтатады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Федералдық кеңестің мәлімдемесіне сәйкес, бұл шешім Еуропалық одақтың әскери міндетті украиналықтарға уақытша қорғау мәртебесін беруді тоқтату туралы шешіміне сәйкес қабылданды. ЕО Кеңесі 31 шілдеден бастап ЕО елдеріне кірген, әскерге шақыру жасына жеткен украиналықтардан әскери міндеттерін орындағанын құжат жүзінде растауды талап етті. Мұндай құжат болмаған жағдайда уақытша қорғау мәртебесі бұдан былай берілмейді.

Швейцария ЕО Кеңесінің бұл шешімін орындауға міндетті емес, алайда Федералдық кеңес ел мүддесі үшін өз тәжірибесін ЕО-ға мүше мемлекеттердің ұстанымымен сәйкестендіру қажет деп санайды. Осыған байланысты бұдан былай S қорғау мәртебесі Украинадағы өздеріне жүктелген әскери міндеттерін орындайтын адамдарға ғана беріледі.

Аталған шектеу әскер жасындағы украиналықтарға, резервте тұрған азаматтарға, сондай-ақ қарулы күштер қатарына өз еркімен қосылған адамдарға қатысты болады. Бұл шара 2026 жылғы 20 тамыздан бастап берілетін барлық өтінішке қолданылады. Алайда аталған мәртебеге ие болып отырған адамдарға бұл талап әсер етпейді, деп мәлімдеді билік.