Қазақстандық ауыр атлет Петр Хребтов Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 75 кг салмақ дәрежесінде 14-ші орын алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған Нинбо қаласында жақында әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA-500 турнирінің былтырғы титулын қорғап қалған болатын.

С тобында өнер көрсеткен Хребтов жұлқи көтеруде үш мүмкіндігінің барлығын пайдаланды. Ол 147 кг салмақты көтеріп, 20-шы орынға ие болды.

Екінші жаттығуда Петр бірінші әрекетін сәтсіз аяқтады. Алайда 184 кг нәтижесі оған серпе көтеруде 11-ші орынды әперді. Қорытындылай келе, қазақстандық 331 (147+184) кг жинап, 14-ші орынға тұрақтады.

Мамыр айында Үндістанда өткен Азия чемпионатында Хребтов 335 кг (150+180) жинап, бесінші орын алған еді. Нинбода мұндай нәтижемен ол Топ-10 қатарында болар еді.

Осы салмақ дәрежесінде алтын медальді солтүстіккореялық Ри Ренхен жеңіп алды. 2026 жылғы Азия чемпионы әлем чемпионатында 365 кг (160+205) көрсетті.

27 қазанда Нинбода басталған ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан атынан жеті спортшы сынға түсуде. Хребтовтан бөлек, бұлар – Аянат Жұмағали (77 кг дейін), Алексей Чуркин, Едіге Емберді (екеуі де – 85 кг дейін), Любовь Ковальчук (86 кг жоғары), Нұрғиса Әділетұлы (95 кг дейін) және Артем Антропов (110 кг дейін).

8 қарашада аяқталатын әлем біріншілігі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеудің алғашқы ресми кезеңі болмақ.