Өскеменде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистерге пәтер мен автокөлік кілттері табысталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіби мереке қарсаңында медиа саласының қызметкерлері екі пәтер мен үш автокөлікке ие болды.
«Сіздер күн сайын адамдарға елімізде болып жатқан маңызды оқиғаларды жеткізесіз және ақиқат үшін жанқиярлықпен еңбек етесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы ерекше рөлін бірнеше рет атап өтті. Елге шынайы ақпарат тарататын, билікке халықтың үмітін жеткізетін және ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын кәсіби журналистика қажет», — деп журналистерге арнаған сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Салтанатты шара барысында кәсіпте жоғары нәтижелерге қол жеткізген журналистер, операторлар және сала ардагерлері марапатталды.
Президент жарлығымен журналистика ардагері Айтмұхамбет Қасымов «Құрмет» орденімен, ал «Хабар» агенттігінің телеоператоры Дмитрий Пыхтин «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бірқатар БАҚ қызметкерлеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Кәсіби номинациялардың жеңімпаздары облыс әкімінің сыйлықтарын алды.
Қазақстан президентінің атынан үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін «Qazaqstan» телеарнасының ШҚО-дағы меншікті тілшісі Олжас Керейхан алды. Тағы бір екі бөлмелі пәтер «ALTAI-NEWS» ЖШС медиаорталығының журналисі Айдос Мырзахметовке сыйға тартылды.
Сонымен қатар, «ALTAI» телеарнасына, «ALTAI-NEWS» медиаорталығына және ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіне жаңа автокөліктер берілді.
Бұған дейін «Курсив» журналистерге бүкіл ел бойынша мереке қарсаңында президент атынан пәтер кілттері табыстала бастағанын хабарлаған болатын. Салтанатты шаралар Астана мен Алматыда өтті.
Соңғы үш жылда мемлекет басшысының атынан отандық БАҚ-тың 200 қызметкері тұрғын үй сертификаттарын алды. 2026 жылы БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер берілетіні хабарланды: 15-і Астанада, 15-і Алматыда және тағы 36 пәтер 18 өңірге — әрқайсысына екі пәтерден бөлінеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні — журналистердің, редакторлардың, операторлардың, фотографтардың, режиссерлердің, техникалық мамандардың және азаматтарды күн сайын шынайы және жедел ақпаратпен қамтамасыз ететін барлық адамдардың кәсіби мерекесі. Қазақстанда дәстүрлі түрде 28 маусымда атап өтіледі.
Мемлекеттің БАҚ қызметкерлерін қолдауы туралы толығырақ осы жерден оқуға болады.
