Шығыс Қазақстан облысында жарнамалық ролик түсіру кезінде жол қозғалысы ережесін бұзғандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, дүкенге арналған жарнамалық бейнеролик түсіру кезінде көпшіліктің назарын аударып, әсерлі кадр жасау мақсатында жүріп бара жатқан көліктен жолаушы басын шығарған.

Полиция қызметкерлері бейнероликке қатысушыларды жедел анықтап, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берді.

"Көлік жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қозғалыс кезінде көліктен басын шығарған жолаушыға да әкімшілік шара қолданылды", – дейді полицейлер.

Полиция мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.