Шығыс Қазақстан облысында жүргізуші куәлігінің қолданысы сот шешімімен тоқтатылған ер адамның Yutong автобусымен жолаушыларды тасымалдауды жалғастырғаны анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тұрақты жолаушылар рейсін орындап жүрген Yutong автобусын «Правопорядок» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан.
«Құжаттарды тексеру кезінде ер адамның жүргізуші куәлігінің қолданысы Семей қаласы сотының шешімімен тоқтатылғаны анықталды. Осыған қарамастан, ол жолаушыларды тасымалдауды жалғастырған», — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінде.
Тексеру барысында полицейлер жол жүрісі қағидаларының басқа да бұзушылықтарын, оның ішінде қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын анықтаған.
Жүргізушіге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі, 593-бабының 2-бөлігі және 572-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Автобус мамандандырылған тұраққа жіберілді.
