Шолпан-Атада Орталық Азия мемлекеттері мен Әзірбайжан басшыларының бейресми консультативтік кездесуі өтіп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шара басталар алдында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевті, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовті және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті қарсы алды.

Қарсы алу рәсімі мен бірлескен суретке түсуден кейін мемлекет басшылары келіссөздер өтетін залға беттеді. Кездесуге қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты дамыту, әріптестікті нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.