Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласында мүгедектігі бар адамдарға «Инватакси» қызметін пайдалану уақытын заңсыз шектегенін анықтап, бұл шектеуді жойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін қала тұрғындары тасымалдау жағдайларына шағымданған.
«Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу кезінде техникалық сипаттамаға әрбір қызмет алушы үшін машина-сағат лимиті енгізілгені анықталды. Алайда қолданыстағы ережелер мұндай шектеулерді қарастырмайды. Сонымен қатар, тапсырыс беруші «Инватаксидің» түнгі уақыттағы, сондай-ақ демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс режимін анықтамаған. Бұл мүгедектігі бар адамдардың көлік қызметіне тең қолжетімділігін шектеді», — деп түсіндірді ведомствода.
Прокуратураның араласуынан кейін техникалық сипаттама өзгертілді. Мемлекеттік сатып алу шартынан әрбір алушы үшін сағат санын шектеу туралы ережелер де алынып тасталды.
Нәтижесінде 31 мүгедектігі бар адамның, оның ішінде 25 баланың құқығы қалпына келтірілді.
Бұған дейін «Курсив» Қызылорда облысында жүздеген мүгедектердің медициналық көмексіз қалғаны туралы жазған болатын. Ал Алматыдағы инватакси прокуратураның талабымен түнгі уақытта жұмыс істеуге міндеттелді.
