Щучинск қаласындағы дәмханада газ жарылып, салдарынан 6 адам мерт болды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында болған. Жарылыс көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Палау орталығы» дәмханасында тіркелді.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, оннан астам адамды құтқарып үлгерді.

Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс кезінде дәмхана ішінде 80-ге жуық адам болған. Олардың 20-ға жуығы зардап шексе, 6 адам көз жұмды.

Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндіріліп, үйінділерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.