Қаржылық мониторинг агенттігі шетелдік интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жәрдемдесу дерегі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйелері арқылы шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударып отырған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалы кірген.

«Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар», — деп жазылған хабарламада.

Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге, ал есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгеге жеткен. Ақша аударымдарының нақты мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз деректерінің заңсыз айналымға тартылғанынан хабарсыз болған. Атап айтқанда, олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген.

Жалған келісімшарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы аударымдар тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде көрсетілген. Кейін қаражат шетелдік алушыларға, соның ішінде криптовалюта түрінде жіберілген.

«Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Соттың санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды», — делінген хабарламада.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.