Digital Nomad Visa Residency бағдарламасы бойынша шетелден 1,5 мыңнан астам IT маман Қазақстанда тұруға өтініш берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Бүгін үкімет басшысы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысына қатысты.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда инвестицияларды, технологияларды, жоғары білікті мамандарды тарту үшін жан-жақты жағдай жасалып келеді.

Құқықтық база және цифрлық құқықтар

Бектенов Қазақстанның жасанды интеллектті кеңінен енгізу үшін қажетті құқықтық базаны қалыптастырғанын атап өтті.

«Қазақстан қазірдің өзінде жасанды интеллектті кеңінен енгізу үшін қажетті құқықтық базаны қалыптастырды. Алғаш рет азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау конституциялық деңгейде бекітілді. Цифрлық Кодекс пен "Жасанды Интеллект туралы" Заң қабылданып, "Цифрлық Қазақстан" Стратегиясы жүзеге асырылуда», — деді Бектенов.

Соның нәтижесінде шетелден келуге ниет білдірген мамандардың саны да артып отыр.

30 елден 1500-ден астам өтінім

«Бүгінде Digital Nomad Visa Residency бағдарламасы бойынша әлемнің 30 елінен IT мамандарынан 1500-ден астам өтінім келіп түсті», — деді премьер.

Ал стратегиялық инвесторлар үшін "Алтын Виза" бағдарламасы іске қосылды.

Айта кетері, Digital Nomad Visa Residency бағдарламасы бойынша Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат жеңілдетілген тәртіппен беріледі.