Бас прокурор Берік Асылов құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері қылмысқа ден қоюмен шектелмей, қауіп-қатердің алдын алу арқылы өзгеріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану арқылы азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталды.
Бұл жерлерде полицияның патрульдеуі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді. Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар азайды, - деп жазды Асылов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал "Кибернадзор" жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттады.
Бас прокурордың мәліметінше, соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілді - олардың саны 9%-ға төмендеді.
"Құқық қорғау органдары мен "Қазақтелеком" АҚ-ның бірлескен күш-жігерімен миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленді", - деді Берік Асылов.
Сонымен қатар Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арқылы 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар бұғатталды.
