Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекарашылары 620 дана киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлады ҰҚК. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

20 қазанда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында шекарашылар Қытай Халық Республикасына 620 дана ақбөкен мүйізін заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.

«Тәркіленген дериваттың қара нарықтағы құны шамамен 180 млн теңгені құрауы мүмкін», – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

Айта кетері, бұған дейін Жетісу облысында 500 келіден астам киік мүйізін сатпақ болғандар ұсталған еді.