Қытайлық Yueban компаниясы ерекше жаңалықты – дөңгелектегі Xiaoban роботтандырылған унитазын ұсынды. Құрылғы адамға дәретхана қажет болғанда өздігінен жақындайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа өнім Шанхайдағы халықаралық қарттар тауарлары көрмесінде көрсетілді. Әзірлеушілердің айтуынша, құрылғы қозғалысы шектеулі адамдар мен егде жастағы пайдаланушыларға арналған. Алайда әлеуметтік желілерде мұндай гаджеттің негізгі сатып алушылары қашықтан жұмыс істейтіндер мен геймерлер болуы мүмкін деп әзілдейді.

Xiaoban жылы суы бар биде, ыстық ауамен кептіру және иістерді жою жүйесімен жабдықталған. Пайдаланудан кейін робот кәріз және су құбырына қосылған арнайы станцияға өздігінен жол тартады.

Ол жерде құрылғы ішіндегіні төгеді, толық жуу және дезинфекция циклінен өтеді, таза су қорын толтырады және аккумуляторын зарядтайды. Навигация үшін робот лазерлік датчиктер мен LiDAR жүйесін пайдаланады. Дәл осындай технология көптеген заманауи робот-шаңсорғыштарда қолданылады.

Xiaoban бағасы Қытайда 28 999 юаньды – шамамен 2,1 млн теңгені құрайды. Халықаралық бағалар мен басқа нарықтарға шығу мерзімдері әлі жарияланған жоқ.

Әзірлеушілер робот адамдарға тұрмыста тәуелсіздікті сақтауға көмектеседі және туыстар мен күтушілерге жүктемені азайтады деп санайды.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Қытайдың Шыңжаң аймағында робот-аниматор туристік алаңдардың бірінде өнер көрсету кезінде баланы ұрып алғанын жазған болатын. Оқиға бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тез тарады.