Шанхайда Алматы музейлерінің көрмесі ашылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шанхай тарихи музейінде Алматы музейлері бірлестігінің ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Дәстүр сабақтастығы: ата-баба мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды. Көрмеде 100-ге жуық бірегей жәдігер ұсынылған. Олардың қатарында дәстүрлі тұрмысқа қатысты бұйымдар, архивтік материалдар, ұлттық музыкалық аспаптар және 1287 жылы Алматыда соғылған күміс дирһамдар бар. Сондай-ақ, келушілер QR-код арқылы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының үнін тыңдай алады.

Бұл көрме Алматы мен Шанхай қалалары арасында бауырластық байланыс орнатылып, музейлер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейінгі мәдени әріптестіктің жалғасы болды. Көрме 30 тамызға дейін жалғасады. Ол Қытай тұрғындарын Қазақстан тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстырып, екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді, дейді әкімдікте.